«Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер болмайды»

  • 22.04.2019

«Қазмедиа орталығы» БК» ЖШС мен «Астана қаласы суретшілер одағы» ҚБ арасында өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Меморандумның басты мақсаты талантты адамдардың шығармашылық әлеуетін өнердің заманауи бағытында дамыту және отандық көркемсурет өнерін насихаттау.

Көрме басталғалы «Астана қаласы суретшілер одағы» Қоғамдық Бірлестігінің Басқарма төрағасы Мүсәпір Жанұзақ Керімбекұлының, ресейлік «Таңғажайып адамдардың» ондығына енген Ренат Елубаев-Қилыбайдың және жас, дарынды суретші Бейбіт Әсемқұлдың туындылары ұсынылған болатын.

Меморандум шеңберінде жыл бойы «Қазмедиа орталығы» ғимаратының бас холлында астаналық суретшілердің көркем туындыларын тамашалауға болады. Жоспар бойынша көрме әр 15-20 күн сайын жаңа туындылармен жаңарып отырады.

Көрме барысында көзін жұмып сурет салатын ерекше дарынға ие Ренат Елубаевпен кішігірім сұхбат ұйымдастыруға мүмкіндік болды.

— Ренат, сурет өнеріне қай жаста, қандай жағдайда келдіңіз? Көркемсурет өнерінде жетістікке жетуге сізді итермелеген не?

— Балалық шағым сурет салумен өтті, өзге ештеңеге қызықпайтынмын, бұл өнерге деген сүйіспеншілік шамамен 2-3 жасымнан басталды. Суретке қабілетімді байқап тәтем мені көркемсурет мектебіне берді, кейін университетте көркем-графикалық факультетті тәмамдадым. Бірақ өмір жолын көркемсуреттен бастаған жоқпын, біраз уақыт бойы мемлекеттік қызметте болдым. Алайда тағдыр мені қайта бейнелеу өнеріне алып келді. Қылқаламды қолыма алуға тура келді, өз еркіммен емес, күнкөріс көзі қажет болды.

Сын айтатындар көп. Біреуге сын айту үшін адамның өз деңгейі жоғары болу керек. Бірақ өкінішке орай өздері нашар болса да, біреуге ақыл айтудан ұялмайтындар бар. Сондықтан болар мен кезінде суретке аса көңіл бөлгім келмеді.

Бірақ бір күні Елордамызға Ресейдің Үлкен театры суретшілері келді. Бұл шамамен он жыл бұрын болды, ол кезде мен басқармада жұмыс істейтінмін. Суретшілерді қарсы алып, эскиз дайындайтын цехқа апардым. Цехта менің бірнеше суретім тұрған болатын. Өзге қызметте болсам да шабытым оянғанда сурет салып жүретінмін. Суреттерді байқаған ресейлік театрдың бас суретшісі мені мақтап, талантымның ерекше екенін атады. Бірақ менің сурет салумен емес, өзге жұмыспен айналысып жүргеніме таңырқай қарады. Мені түсінбеді. Бірақ дәл сол адамның айтқан мақтау сөздері маған үлкен мотивация берді. Ол жай ғана суретші емес, танымал Үлкен театрдың бас суретшісі. Менің талантымды жоғары бағалағаны маған қатты әсер етті. Содан кейін біраз уақыттан соң өмірімде бір қиыншылықтар туындап жұмыстан кеттім, қайта көркемсурет өнеріне оралдым. Басында байқауларға қатыстым, жеңістерге жеттім, халықаралық көрмелерге қатыса бастадым. Кейін шетелдіктер өздері мені шақыра бастады.

— Сізге танымалдылық әкелген ресейлік «Таңғажайып адамдар» бағдарламасына қатысуыңыздың басты себебі неде?

— «Удивительные люди» байқауына қатысу себебім халыққа емес, өзіме өзім мықты екенімді дәлелдеу болатын. Халық арасында біреуі мені мойындап өзгесі мойындамайтын да шығар, мен үшін бұл аса маңызды емес. Өзіме өзім дәлелдегім келді – дәлелдедім, бірақ байқауда жеңіске жетпедім. Екінші кезеңде де сурет салуым керек еді, мен оның орнына мүсінді тандап қателесіп қалдым. Қазылар алқасы да, көпшілік те менің жеңісіме сенген еді. Бірінші кезеңнен кейінгі қолдаудың көп болғанынан «жұлдыздық ауру» пайда болған болар, өзімді тым еркін сезініп, мүсінге де қолым келеді деп сендім. Мүсін тандағаныма өз басым өкінемін. Бірақ бұл бағдарламадағы ұтылысым мен үшін маңызды емес, жеңбесем де өз өзіме мықтылығымды дәлелдедім.

— Бұл бағдарламаға дейін, одан кейін де сізді шетелге жұмысқа шақырған шығар, өзге елге көшу жоспарда бар ма?

— Иә, өзге мемлекеттерден талай рет шақыру түскен болатын, бірақ мен олардан бас тарттым, қайтадан ұсыныс болса да келіспеймін. Мен үшін өз елімде құрметке бөленіп танымал болу әлдеқайда маңызды.

«Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер болмайды». Елімізден шыққан өнер туындылары, өнер адамдары әлем бойынша танылып, мойындалып жатса, демек еліміз де дамыған мемлекет ретінде өзге мемлекеттермен танылатын болады. Өзге мемлекеттер бізді дамыған, мәдениетті ел деп сыйлайтын болады.

— Неге импрессионизмді тандадыңыз?Және сіз мойындайтын бірнеше суретшіні атасаңыз.

— Импрессионизмде фантазия, қиял, әсер көп, ал реализмде ондай жоқ, сондықтан мен үшін бұл бағыт жаныма жақын.

Константин Коровин деген суретші бар, маған оның жұмыстары ұнайды, ал ең сүйікті суретшім – Клод Моне. Қазақтан шыққан суретшілер арасынан Әбілхан Қастеев, Қанапия Телжанов, және замандасым Ерболат Төлепбайды ерекше атай аламын.

Закрыть меню